Бұл құс - сұңқартәрізділер отрядына жататын ірі жыртқыш құс. Әсіресе Маңғыстау мен Сарыарқаның аласа таулы өңірлерінде көп кездеседі. Сондай-ақ, «Қызылсай» МӨТП КММ қарасты барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда кездеседі. Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ителгіні көнекөз қариялар "мұсылман құс" деп атаған. Себебі ителгі жемтігінің етін жеместен бұрын, оның тамағын өткір тұмсығымен орып жібереді екен. Яғни, бауыздап барып қана қызылға ауыз салады. Сондықтан халық арасында оны жемтігін адал бауыздап жейді деп «мұсылман құс» деп атаған.
Шәулісінің қанатының ұзындығы 34-39 см, салмағы 730-800 г, ұябасарының қанаты 37-41 см, салмағы 1000-1300 г. Қазақстанда ителгінің 5 тармағы бар. Олардың реңі таралған аймағына қарай әр түрлі болып келеді. Наурыздың аяғы мамыр айының басында ұя салады. Ұядағы 3-5 жұмыртқаны бір айдан аса басады. Балапандары 40-45 күннен соң ұядан ұшады. Балапандарының негізгі қорегі құмтышқан, саршұнақ, майда құстар, бауырмен жорғалаушылар, ірі қоңыздар т.б.
Ителгінің алатын аңдары киік, елік, қара құйрық, қоян. Құстан алатыны қоңыр қаз, дуадақ, тырна, оқпақтағы басқа түрлі құстар. Қоян, құстарды ол көбінесе өз күшімен алады.
"Ителгі жемтігін ауларда үлкен жылдамдықпен төніп келіп, теуіп құлатады. Сонан соң тағы да екі- үш рет қатты тегеурінмен теуіп жібереді де, тау басына алып келіп, асықпай баптанып отырып жейді" ,- деп айтты Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары.